Ақтау таулары – ұлттық парктің тамаша табиғи жерлерінің бірі.Ақтау таулары ежелгі теңіздің тартылу әсерінен пайда болған жерлер. Теңіздің тартылу нәтижесінде көптеген әдемі сайлар, шатқалдар пайда болған. Әсіресе, түрлі-түсті түске боялган тау көрінісі көрген адамды басқа әлемге тап болғандай әсерде қалдырады. Тау әртүрлі бояуларға боялған, атап айтқанда, үсті – қызыл, ортасы - қызғылт, етек жағы – сары түсті болып келеді. Биіктігі – 100 м, жалпы ауданы – 50кв/км. Бұл жерлерді зерттеу барысында көптеген ежелгі жануарлар мен өсімдіктер қалдықтары табылған. Табылған қалдықтарға қарап, бұл жерлерде шамамен осыдан 50 млн жыл бұрынғы кезеңді қамтитын қолтырауын, тасбақа, алып мүйізтұмсық т.б мекен еткендері анықталған. Толықтай сақталған бронтотерия мен үш тасбақаның қаңқалары 1995-1997 жж. аралығында Қазақстан – Америка бірлескен зерттеу жұмыстары барысында табылған. Табылған ағаш діңі, жапырақтарға қарап, бұл жердегі ағаштар қазіргі осы аймақта өсетін өсімдіктердің арғы тегі екені анықталған.
Қату тауы - ежелгі жанартау атқылауынан пайда болған. Жанартаудан аққан ыстық лавалардың қату әсерінен бұл жерлерде әртүрлі формадағы тастар пайда болған. Сондай-ақ, бұл жерлердің рельефінің әртүрлілігіне байланысты таулар жасыл, қызғылт т.б түстерге боялған. Осындай ерекше жаратылыс тауға ерекше көрік беріп тұр. Бұл жерлерде су болмағандықтан тастардағы архар, тау ешкі, бұғы сондай-ақ үй жануарларының суреттеріне қарап, ежелде адамдар мекендегенін байқауға болады. Жартастардың арасында ежелгі жабайы адамдар тұрған үңгір бар. Үңгір қашалып, формасы айыр ағашқа ұқсатылған, соған қарап олар христиан болған деген тұжырым бар. Үңгір орта ғасырда жасалғандықтан бұл жерлерде шамандар да болуы мүмкін.
https://altynemel-np.kz/kz/sayakhatshyly/biregej-nysandary/a-tau-taulary.html#sigFreeId5366108194