«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бекер айтпаса керек. Бүгінде «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен Басши ауылдық округіне қарасты мекемелердің, сонымен қатар жергілікті тұрғындары, қауымдастық мүшелерінің қатысуымен бабалар мұрасындай болған сол бір жасыл белдеуді келешек ұрпаққа күтіп ұстау, насихаттау және сақтап қалу мақсатында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өтті. Сол ізбен жалғасқан сара жол бүгінде алдыңғы аға буынның да басты ұстанымына айналғандай. Оған дәлел, жыл сайын аудан көлемінде өтіп жатқан көшет отырғызу мен көгалдандыру жұмыстарын айтсақ болады. Бүгін сондай жарасымды дүниенің жалғасы болған «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясына Басши ауылы белсенділері де атсалысты. Аталған акция аясында жылдың қай мезгіліне болмасын төзімді келетін 60 түп жас көшет отырғызылды.